Болған ана

«Бұланты шайқасы» стеласы.

«Бұланты шайқасы» стеласы. «Бұланты шайқасы» кешені 1727 жылғы жоңғарлармен шайқастағы алғашқы жеңіске арналған. Кешен Байқоңыр ауылының оңтүстігіне қарай 18 шақырым жерде Бұланты өзені бойындағы «Үйтас» шатқалында, «Ұлытау» музей-қорығының аумағында орналасқан. Стела қазақ жүздерінің бірігуін бейнелейді. Жеті метрлік монументтің жоғарғы бөлігі ұшы жоғары қараған найзаны бейнелейді. Төменгі бөлігінде периметр бойынша дөңгелек төрт қалқан орналастырылған, төрт бұрышты табаны бар. Ұйымдастырушылардың ойынша, кешен Бұланты шайқасындағы қазақ батырларын еске алатын орынға айналуы тиіс. Аталмыш шараны Қазақстанның әр түрлі өңірінен келетін, батырлардың ұрпақтарының қатысуымен, «Ұлытау» музей-қорығы өткізеді. Музей-қорық жүргізетін, іздестіру жұмыстары нәтижесінде батырлар тізімі толықтырылып отырады және уақыт өте келе, XVIII ғасырдағы шайқас батырларының есімдері қайтадан ашылып, жаңа ескерткіштер орнатылуы да мүмкін.

Түркі қоршаулары

Түркі қоршаулары. Археологиялық ескерткіштер. Ұлытау өңірінде бұл ескерткіштердің отыздан аса түрі есепке алынған. Ортағасыр кезеңіне жатады. Балбал тас қойылған төртбұрышты, салттық рәсімдік тас құрылыс, оба болып келеді.


Теректі әулие

Теректі әулие. Тасқа салынған суреттер. Жезқазған қаласынан шығысқа қарай 80 шақырым жерде, ал Теректі теміржол станциясынан солтүстік-шығысқа қарай 18 шақырым жерде орналасқан. Аңдар, жануарлар, қиял-ғажайып нысандардың бірнеше топтамалары. Қола дәуірінен қыпшақ кезеңіне дейінгі суреттер. Аңыз бойынша бұл жерде халық емшісі Терек адам жерленген дейді-мыс.

Тамды

Тамды. Тасқа салынған суреттер. Ортағасыр кезеңі. Тамды өзені бойында орналасқан. Жануарларды аулау сәттерінің көріністері, адамдардың бейнелері кескінделген төрт топтан тұрады. Айрықша көзге түсетін тобы «Тасөткел» бойында, ал қалғаны «Байтілеуде» орналасқан.

Меңгірлер

Меңгірлер. Салттық жоралғыларға арналған құлпытас. XXғ. 60-шы жылдарында оннан аса данасы болған. Қазір Сарысу өзені бойында біреуі ғана сақталып қалған. Ол Сарысу селосының батысында 6 шақырым жерде орналасқан.

Қойлыбай бақсы

Қойлыбай бақсы. Жерлеу орны. Қойлыбай өзенінің оң жағалауында, Ұлытау селосынан 190 шақырым батыста, Дулығалы мешітінен 20 шақырым оңтүстікке қарай орналасқан. Ел аузындағы аңыз бойынша XIIғ. өмір сүрген, адамдарды емдейтін ерекше қабілеті бар Қойлыбай бақсыға арналған. Белгілі ғалым Шоқан Уалиханов ол кісіні «Бақсылардың бақсысы» деп атаған.