Егер географиялық центрография тұрғысынан қарайтын болсақ, Ұлытау –отанымыздың геометриялық орталығы, Қазақ жерінің кіндігі.
Ұлытаудың жер көлемі 12 293 105 гектарды құрайды, бұл болса, Қарағанды облысының 30% және Қазақстан аумағының 4,5 пайызын алып жатыр. Батысынан шығысқа дейін 540 шақырым, солтүстігінен оңтүстікке дейін 435 шақырым.
Бедер – ұсақ шоқылы, аласа таулы, төбелі және кең әрі ұсақ шоқы аралық ұланғайыр кең алқап. Табиғи аймақтары: далалық, шөлеит және шөлді. Табиғаты өткір континенталды, климаты құрғақ, қарқынды буланады, жиі жел соғады.
Жаздағы ең жоғарғы температурасы +45⁰С, қыста -46⁰C дейін түседі.
Ұлытаудың ең биік нүктесі – Ақмешіт әулие шыңы. Биіктігі – 1130 метр және Едіге тауы (1060 м); Ұлытау сілемінен басқа, Кішітау, Арғанаты мен Желдіадыр таулары да бар.
Ал, ең аласа алқабы – Қарсақбай қыратының оңтүстік беткейінде жатқан Мыңбұлақ ойысы. Ол – теңіз деңгейінен 100 метр шамасында биік орналасқан.
Ұлытауда 12 өзен, 11 көл бар, жүздеген бұлақтар бар. Ең үлкен өзен – Қаракеңгір. Оның ұзындығы – 350 шақырым, алқабының ауданы – 16 700 шақырым, орташа жылдық ағын мөлшері секундына 2,1 текше метрге жетеді.
Жазда көптеген су тоғандары кеуіп қалады немесе көлемі азаяды. Көптеген көлдерінің ішіндегі ең үлкендері - Қарақойын, Ащыкөл, Барақкөл, Қоскөл. Өзендер мен көлдердің жағасында тоғай бұталары көп қалың өседі. Географиялық және ботаникалық зерттеулерге сәйкес, 617 өсімдік түрлері - ағаштар, бұталар, шала бұталар, көпжылдық өсімдіктер анықталған. Олардың ішінде екі жүзден астамы емдік өсімдіктер болып саналады. Ұлытау ауданы флорасының құрамын зерттеу жұмыстарын қорық-мұражай қызметкерлері мен Жезқазған ботаникалық бағының қызметкерлері бірлесіп жүргізеді.
Ұлытаудың фаунасы да бай, мұнда Қызыл кітапқа енгізілген жануар түрлері де кездеседі.