Құрметті қонақтар, әріптестер, достар және «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының серіктестері!
Біздің сайттан сіз тарихи-мәдени және табиғи мұраға бай Ұлытау туралы бірегей ақпаратты таба аласыз.
«Ұлы даланың» көшпелі өркениетінің эпицентрінің тарихымен танысуға шақырамыз! Сіз Қазақстанның «Қасиетті картасының» нысандарына айналған Алашахан, Жошы хан, Домбауыл кесенелері, «Бұланты шайқасының орны» тарихи ескерткіші, Әулиетау шыңы, Теректі петроглифтері, Едіге тауы, Алтыншоқы шыңы сияқты тарихи ескерткіштермен танысатын боласыз. Арнайы сіздер үшін бірнеше бағытта туристік маршруттар жасалды. Сізді Ұлытаудың табиғи ландшафтының көрінісі, аймақтың ерекше флорасы мен фаунасы таңқалдырады.
Бұл сайтта қорық-мұражайдың қызметі бірнеше: мұраны қорғау, сақтау, танымал ету және туризмді дамыту бағыттары бойынша ұсынылған.
Қорық-мұражайы Ұлытау аймағында «Ұлытау мұрасы» халықаралық экспедициясы, «Терісаққан көктемі» халықаралық этнографиялық фестивалі жобаларының авторы және оларды сәтті жүзеге асырып келеді. Аталған этнофестиваль ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізіліп, Ұлытау аймағында «Жылқышылардың дәстүрлі көктем мерекелері» тақырыбымен этнографиялық зерттеуін бастады. Әлемдік туристік көрмелерге қатысу дәстүрге айналды. "Ұлытау" экспозициясы Лондон, Барселон, Токио қалаларында көрсетілді. "Ұлытау" қорық-мұражайы «Qazaq Geography» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысындағы аймақтық өкілі.
Қорық-мұражайдың Сапар орталығы құрылысы Ұлытауды халықаралық және аймақтық туристік орталығына айналдыру жолындағы кезекті кезең болды. Ақпараттық бөлмесі, балалар ойнайтын залы, конференц-залы, кіші қонақүйі мен асханасы бар бұл шағын кешен қонақжайлылық инфрақұрылымын құрудың алғашқы қадамы болып табылады.Қазіргі уақытта гид-мамандарын, қонақүй қызметтерін оқыту және біліктілігін арттыру үшін жағдайлар жасалуда. Мемлекет басшысы «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзінде аймақтың «этнографиялық, қажылық және экологиялық туризмін дамытудың үлкен әлеуетін» атап өтті.
Біз сіздерге Ұлытау әлемін ашуға дайынбыз, бір рет көрген жақсы болар...
Құрметпен,
Қожахметов Бақтияр Сапарбекұлы
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының директоры туралы ақпарат
Бақтияр Сапарбекұлы Қожахметов - «Ресей саяхатшылар қауымдастығы» директорлар кеңесінің мүшесі, «Мажарстан қыпшақтар одағы» президиумының құрметті мүшесі, «Әлем азаматтығы орталығының» мүшесі. «QazaqGeography» Ұлттық географиялық қоғамының өкілі. «Отырар-Ұлытау» және «Алтай-Дунай» (1999-2003 жж., қашықтығы 6000 км.) халықаралық түйе керуені экспедициясының авторы және жетекшісі (1991, қашықтығы 1200 км.) «Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі рәсімдері» атты номинациясын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының дүниежүзілік тізіміне (2018) енгізуші және ұйымдастырушы. Ұлытау ауданында Сапар орталығы құрылысының бастамашысы (2019). «Ұлытау», «Биіктіктің бейнесі» фотоальбомдарының, «Венгрия алтайдунайлықтар көзімен», «Мыс жолы» кітаптарының, «Киелі Ұлытау», «Ұлытау. Адам мен табиғат», «Бұланты шайқасы» фотоальбомдарының авторы.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Мәдениет министрінің, Туризм және спорт министрінің, облыс және қала әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталған. 2000 жылдың қорытындылары бойынша - «Жылдың үздік мұражай қызметкері», «Тәуелсіздікке - 10 жыл» төсбелгісімен марапатталды. Бірнеше мерейтойлық медальдардың иегері. 2015 жылы «Мәдениет саласының үздігі» атағына ие болды. «Құрмет» орденінің иегері.