ДҮЗЕН КЕСЕНЕСІ
Он тоғызыншы ғасырда салынған ғұрыптық ескерткіш.Бұл кесене Қаракеңгір өзенінің оң жағалауында Қарақұдық сайында орналасқан. Дүзен Сандыбайұлының қабірінің басына тұрғызылған мазар. Алаша хан кесенесіне ұқсас. Оған ұқсас болу себебі, Дүзен қайтыс болғаннан кейін оның баласы Жанұлы Алаша хан кесенесіне ұқсастырып, дəл сондай мазар салуды жоспарлапты. Елден шеберлер іздеп, кесене салуға сəулетші іздеген деген дерек бар. Ақыры ойлана келе кесене салу құрылысын Сералы қожа Еламанұлына жүктепті. Ал, Сералының есімі осы күнге дейін ел жадында қалған он тоғызыншы ғасырдағы əйгілі сəулетші. Ол өз дəуірінде күйдірілген кірпіштерден сан алуан кесене салған қазақ сахарасындағы атақты шебер, Ұлытаудың тумасы. Оның қолтаңбасы Торғай, Тамды, Терісаққан, Кеңгір өңірлерінде жиі кездеседі. Дүзен кесенесіне қайта оралсақ, бұл кесенені салу оңайға түспеген көрінеді. Ел аузындағы деректер бойынша айтсақ, кесенені салу үшін Сералы 40 жігітпен мың кірпіш құяды. Алғашқы құйылған кірпіштері сапасыз болып, күзгі жаңбырда үгітіліп қалауға келмей қалады. Еңбектері зая кетіп көп шығынға ұшырайды. Бірақ, бұған Жанұлы мойымайды. Қалайда, кесене салдырмын деген ниетпен алған бетінен қайтпайды. Кірпіш ті сапалы қылып құюды үйрету үшін арнайы 22 атпен, жанына 10 жігіт қосып, Сералыны Түркістанға жібереді. Сералы қыс бойы Түркістанда кірпіш қүйдірудің үлгісін үйреніп, жазда Ұлытауға оралады. Бұл - 1863 жыл болса керек. Сол жылы ол қасына 60 жігітті ертіп, кесененің алғашқы құрылысын бастайды. Мазарды Алаша хан кесенесіне ұқсату үшін əрбір шақырым сайын аттылы адамды қойып, олар əр кірпіштің қалай орналасқанын бір- біріне жеткізіп отырады. Сөйтіп, 25 шақырым жердегі Алаша хан кесенесінің үлгісімен Дүзен мазарын қалайды.Осындай төгілган тер, орасан еңбекпен мазарды 1866 жылы толықтай аяқтайды. Қазіргі кесененің көлемі күрделі пештақты- күмбезді, текшеленген құрылыс. Бұл құрылысқа материал сол жердің топырағынан дайындалыпты. Ғимараттың бүрмеленген күмбезі 10 қырлы мойындықпен көтерілген. Іргесі сыртқы көлемі 8,5×10, 2 метр, ішкі өлшемі 5,4×5,4метр. Кірпіштері қалың майлы- балшық ертіндісімен өрілген. 2015 жылы бұл кесене қайта жаңғыртылды өзгерту енгізілген жоқ. Күмбез көркейтіліп, қасбетті жаңартылды, бастапқы тұрпаты сақталып қалынды.Бұл кейінгі кəсіби шеберлердің еңбегінің нəтижесі. Ең бастысы, кесененің əуелгі келбеті сол қалпында.
Талқылаңыз
Ұқсас материалдар:
Түсініктемелер (0)