Жошы хан құббасы
Жошы хан кесенесі күмбезінің (жоғарғы бөлшегі) құббасы – «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінде тұрған жауһар жәдігерлердің бірі. Құбба – араб сөзі, «күмбез» дегенді білдіреді. Бұл тұжырымды шығыстанушы А.Иванов та растайтынын тарих ғылымының докторы М.Қожа да құптайды. Ол, көбіне, діни және сәулеттік құрылысқа тән. Оны қыштан, ағаштан немесе металлдан жасайды. Құббаның іші қуыс, табан жағы кеңейтілген, жоғары жағы шар үстіне орнатылған конус тәріздес. Мойны мен табан бөлігі белдемше-буынға бөлінген. 1973 жылы тарихшы ғалымдар М.Сембин, М.Маманбаев, М.Нұрқабаевтар зерттеген Орталық Қазақстан экспедициясы кезінде күмбездің үстіңгі бөлік құббасы Жошы хан мазарынан табылған. Күмбез қирағанда құббаның қалдығы сол жердегі үйіндіде қалған екен. Құбба күрделі, бірнеше элементтен тұрады. Күмбез төбесіндегі ойыққа бір ізді сызық арқылы ортасына ағаш өзекше кигізіліп, өзекшені мықты ұстап тұруы үшін ішіне «алебастр» ерітіндісі толтырылған. Ең жоғарғы бөлігі жоғалған. Үстіңгі бөлігі жарты ай екі мүйіз бейнесінде әшекейленген. Табылған үстіңгі бөлшектері мұражайдың қор бөлімінде сақтаулы. Түсі көкшіл жасыл түсті, глазурьленген. 2009-2011 ж.ж көшпелілердің мәдени мұрасы мәселелері жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтында болды. 2011 жылдан «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінде сақтаулы тұр. Жақында Жошыхан кешенінің ашылуына орай, экспозиция залына кәсіби мамандар құббаның түпнұсқасын сканерлеп, көшірмесін және 3D форматын жасап орналастырды.
Талқылаңыз
Ұқсас материалдар:
Түсініктемелер (0)