Теректі Әулие – үш төбенің басында ендік бағытта орналасқан петроглифтер, бұлаққа негізделген тас дәуірі тұрақтары, қола дәуірінің қонысы менқорымдары, ерте темір кезеңінің обалары, ортағасыр жерлеу орындары, ХYII-XX ғғ. мазарлары, бағалы металдарды өндіретін көлденең және тік ұңғымалар қалдықтары және т.б. ғажайып тарихи ескерткіштер табылған тарихи-археологиялық кешен.
Теректі Әулие жөнінде алғашқы деректер Әл Бирунидің (XI ғ.) бұлақ басына жақын маңдағы адам табанының және тұлпар тұяғы ізінің суреттеріне арналған жазбаларында кездеседі.
Алғашқы ғылыми сипаттаманы ХХ ғ. 40 жылдары академик А.Х.Марғұлан берген. Археологиялық ескерткіштерді кешенді түрде зерттеу 1996 жылдан бастап жүргізілді. Теректі Әулиені зерттеген ғалымдар Ж.Қ.Құрманқұлов, З.С.Самашев, Ж.Жетібаев, Д.Байтлеу және жергілікті тарихшылар, археологтар Л.Сембинова, А.Искаков, М.Бедельбаева, В.Новоженов.