Жаңалықтар
ЮНЕСКО-ның «Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптарын»  адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы деп тануы - көптен күткен жеңіс!
5 желтоқсан 2018 жыл
ЮНЕСКО қазақтың «бие байлау», «айғыр қосу» және «қымыз мұрындық» жоралғыларын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы деп таныды. Бұлжоралғылар Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне 2018 жылғы 26 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Маврикий астанасы Порт-Луи қаласында өткен Материалдық емес мәдени мұраны (МЕММ) қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитеттің 13-ші сессиясында “Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары” деген атпен енгізілді.
Атап өту керек, Қазақстан ЮНЕСКО-ның осындай сессиясына тұңғыш рет толыққанды мүше ретінде қатысып қайтты. Отандық делегацияның құрамында «Ұлытау» қорық-мұражайының директоры Бақтияр Қожахметов те болды. Сессия аталған жоралғыларды адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасына қосу жолында аянбай тер төккен және жоғарыда аталған номинацияның авторы, «Ұлытау» қорық-мұражайында ғылыми қызмет атқарған Елена Хорошты бір минуттық үнсіздікпен еске алумен басталды. Елена Хорош бұдан бұрынырақ Дүниежүзілік мұра тізіміне Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен Тамғалы петроглифтерін қосуға белсенді ат салысқан еді.
Бақтияр Қожахметов, «Ұлытау» ұлттық қорық-мұражайының директоры
«Бие байлау», «айғыр қосу», және «қымыз мұрындық» жоралғылары тұтас Қазақстанда тек Терісаққан ауылында сақталған. «Ұлытау» қорық-мұражайы бұл жоралғыларды көздің қарашығындай сақтау ісіне 2010 жылдан кірісті. 2012 жылы аталған жоралғыларды «Терісаққан көктемі» фестиваліне айналдырдық. 2014 жылы сондай фестивалімізге Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелері Эмма Усманова мен Елена Хорош келіп көрді және оны ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасына қосуға болады деген ой айтып кетті. 2015 жылы ЮНЕСКО жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасы Ханзада Есенова келіп қатысты. Артынша Қазақстанның ұлттық материалдық емес ес­керткіштері тізіміне енгізілді. Фильм «Терісаққан көктемі» этнофестивалі негізінде түсірілген. Былтыр наурызда біз аталған жоралғыларды ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес ес­керткіштерінің репрезентативтік  тізіміне «Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары» деген атпен арнайы аталым етіп енгізуді ұсындық. Былтыр бұл фестиваль «Көкмайса» деген атпен өткізілді. Фестивльдің ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келеді әрі шетелдік туристтердің де қызығушылығын байқап жүрміз. Бірер күн бұрын  біздің ұсыныс ЮНЕСКО тарапынан қолдау тауып, Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізіп келдік. Біріншіден, бұл - көпжылғы еңбектің көптен күткен жемісі. Екіншіден, ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы деп тануы осы жоралғыларға жоғары мәртебе беріп қоймайды сонымен қатар, оны халықаралық қорғауға алады. Яғни көздің қарашығындай сақталып, кейінгі ұрпаққа мұра болып қалады деген сөз. Осылайша аталған жоралғыларды тек Терісаақандықтарға, иә болмаса Ұлытау мен Қарағандылықтарға емес, тұтас елге насихаттау жауапкершілігі жүктелді деген сөз».
«Ұлытау» қорық-мұражайы бұл жоралғыларды жақын болашақта көшпенді мәдениетке қатысы бар бауырлас елдерге кеңінен таратуды жоспарлап отыр.
 10.00 - 18.00
13.00 - 14.00
Дүйсенбі - Жұма
Қазақстан, Қарағанды обл., 101500
Ұлытау ауд., Бұлқышев көшесі, 14
, 2-16-16
Факс: +7(71035) 2 13 42,
Баспасөз хатшысы: 8 701 125 49 11