Қараша айының 6-17 аралығында «Ұлытау» қорық-мұражайының ғылыми-қызметкерлері Бұланты өзенінің бойына дәстүрлі «Бұланты шайқасы» экспедициясына шығып, археологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп қайтты. Археологиялық барлау-зерттеу барысында әртүрлі кезеңге жататын жерлеу орындары анықталды. Табылған ескерткіштердің төлқұжаттандыру шарасы жүргізіліп, олардың орналасу шамалары, дәуірлерге мәдени қатынастылығы анықталды, сыртқы түрі және сақталу жайы жазбаға түсірілді, мәдениет қабатын анықтау мақсатында байқау қазбасы салынып геоморфологиялық анализге топырақ алынды.