Ұлытауда Бұқар жыраудың 350 жылдығына арналған «Көмекей әулие» атты деректі-көркем фильмнің түсірілімі өтті
8 тамыз 2018 жыл
Бұқар жыраудың 350 жылдығына арналған фильм Қарағанда облысы әкімдігінің қолдауымен түсіріліп жатыр. Сценарий авторлары тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев пен белгілі журналист Әшімхан Жампейісов. Бас режиссері Қаршыға Игенов. Фильмнің сюжеті Бұқар жырау өміріне негізделген. Яғни балалық шағы, әдебиетке және 18 ғасырда Қазақ хандығының қоғамдық өміріне қосқан үлесі қамтылады. Фильм 10 эпизодтан тұрады. Түсірілім осы жылдың 6-шілдесінде жыраудың мавзолейі орналасқан Бұқаржырау ауданында басталды. Екі айлық түсірілім жұмыстары Ұлытау және Шет аудандарында жүреді. Жақын күндері «Ұлытау» қорық-мұражайының қызметкерлері Г.Айтенова, Н.Раймова және Б.Баймағанбетова осыдан үш ғасыр бұрынғы қазақ ауылының өмірі мен болмысын бейнелейтін кадрларда әже және қыз-келіншектерді сомдап шықты. Бұнымен қоса, қорық-мұражай қызметкерлері киіз үй тігіп, сол заманның тұрмыстық заттарына ұқсайтын этнографиялық жәдігерлермен қамтамасыз етті. Фильмнің түсірілімі бұдан бөлек, Оңтүстік Қазақстан мен Өзбекстанда өтеді. Ал, тұсаукесері қыркүйек айына жоспарланған.