Телефоны для связи:
+7(771) 535-74-82
+7(705) 234-77-71
+7(71035) 2-13-42
Национальный заповедник-музей Улытау » Новости » Ұлы Дала Ұлытауы – Ұлы Жібек жолында

Ұлы Дала Ұлытауы – Ұлы Жібек жолында

05 июнь 2021, Суббота
56
0
Ұлы Жібек жолы ежелден-ақ Тынық мұхит жағалаулары мен Жерорта теңізі маңындағы және батыс Еуропа елдері аралығын жалғастырып жатқан аса ірі халықаралық қатынас жолы болған. Ол–адамзат өркениетіндегі қайталанбас тарихи құбылыстың бірі. Керуен жолының қазіргі Қазақстан аумағы арқылы өтуі Ұлы Жібек жолы дәнекер болған Батыс пен Шығыс өркениетінен қазақ халқының да тыс қалмағанын дәлелдей түседі.

Ұлытау Ұлы Жібек жолы пайда болмас бұрын, б.з.д. IV-III мыңжылдықтан басталған «Мыс жолымен» бүкіл Еуразия құрлығына белгілі болатын. Бұл туралы тарихшылардың зерттеулерінен және «Тарих атасы» Геродоттың еңбектерінен оқуға болады. Египет, Грек, Алдыңғы Азия, Қытай және Ираннан табылған қола, мыс бұйымдар мен жәдігерлердің құрамын зерттеген ғалымдардың айтуынша, олардың Ұлытау жерінен шыққан мыстан жасалғаны анықталған. Б.з.д I мыңжылдықтың орта кезінде Қара теңіз өңірінен, Орал, Дон, Ертіс, Ұлытау, Алтай, Зайсан көлі алқабын мекендеген агретейлер еліне кететін «Дала жолы» бойында көптеген көне қалашықтар, керуен сарайлары орналасқаны мәлім. Сондай тарихи жерлер Ұлытау өңірінде де көптеп кездеседі. Ұлы Жібек жолының бір тармағы Ұлытаудан өткенінің айғағы – Басқамыр, Аяққамыр, Ханарал, Ханшатыр ортағасырлық қалашықтары.
Ұлытаудан табылған «Қос самұрық» бейнесі нақышталған қола пышақ, «Есік» қорғанынан табылған «Алтын адам» қанжарында қайталанып тұрса, Ұлытау кесенелеріндегі эпиграфикалық жазулар Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мавзолейімен сарындас, сонымен қатар, Құтылық Темір мазарының ою-өрнектері Арыстанбаб мазарының ою-өрнектерімен бірдей. Қазақ хандығының қыстағы Түркістан, Сығанақ, Сауранда болса, жайлауы осы Ұлытауда болған. Сондай-ақ, 1391 жылы Ақсақ Темірдің Тоқтамыспен соғысуға бара жатқанда 200 мың әскеріне белгі ретінде үйдірген шоқысы – осы Ұлытау өңірінде. Ол қазір «Алтыншоқы» деп аталады. Мәдениеттің үзілмейтін алтын жібі осылай бірбірімен сабақтасып жатыр.
Айтылғанның бәрі қазақ халқының даңқты тарихы және терең тамырлы рухани мәдениеті болғанын сипаттайды. Кезінде «Мыс жолы» деп аталған Ұлы жол Еуразия металлургиясының бастауы – Ұлытау-Жезқазғанға алып келетін. Бұл өңірде қола дәуірінің мәдениет ескерткіштері көптеп шоғырланған. Ескерткіштер шоғырын зерттеу сол дәуірде Орталық Қазақстанды мекендеген тайпалардың тарихи өткен жолын анықтап, өлке тарихының беттерін ашуға мүмкіндік береді. Қола мәдениеті өзінің айрықша белгілерімен: қоныстар мен кеніштерден, бейіттер мен құрбандық шалатын орындардан, үй және суару құрылыстарынан, қыш жасау мен тас өңдеу өнерінен, тас мүсіндерден, металл мен сүйекті өңдеп, әртүрлі заттар жасау әдістерінен анық көрінеді.
Осының бәрі, түптеп келгенде, Орталық және Солтүстік-Шығыс Қазақстанда кезінде мыс, қалайы, қорғасын және тағы да басқа металдарды игеру ісінде орасан даму процесі орын алғанынан хабар береді.
Ұлытау – Қазақтың Үш жүзінің басын қосқан, мемлекетіміздің бастауында тұрған аруақты, киелі жер. Қасиетті Ұлытаудың бауырында қазақтың салалы тамыры, терең тарихы мен мәуелі мәдениеті жатыр.
Отырардан Арсубаникент, Арыстанды, Шаян арқылы Қаратаудың аласа жоталарынан асып, Тұран асуы арқылы Шавгар мен Яссыдан, Сауран мен Сығанақтан, Янгикенттен шыққан жолдар Орталық Қазақстанның дала алқаптарын шарлап, Сарысу мен Кеңгір, Торғай мен Есіл өзендері жағалауларына жетіп жатты.
«Мыс жолы» Ұлы Жібек жолына дейінгі жол деп аталғанымен Әлкей Марғұлан және басқа да ғалымдардың тарихқа енгізген атауы – «Сарысу жолы». Себебі, керуен Сарысу өзені бойымен қозғалады. Өйткені, ол солтүстікте орналасқан елді мекендерге ең жақын жол және өзен бойындағы тіршілік көзі, халықтың шоғырлануы, аң-құстардың мекендеуіне қолайлы жерлер еді. Оңтүстіктен шыққан керуендер Сарысудың бойымен Ұлытау арқылы солтүстік асып Сібірге зат апарып, ол жақтан бағалы заттар, алтын, күміс, аң терісі, тағы басқа тұрмысқа қажетті заттарды оңтүстікке тасымалдайтын. Орталық Қазақстанға бастайтын «Сарысу жолы» аталатын сорап Отырардан шығып, Шавгар мен Тұран асуы арқылы Ақсуға, Сарысудың төменгі ағысынан өзенді жоғары өрлейтін Ұлытауға жеткізеді. Одан әрі Есіл мен Ертісті бойлап кетеді.
ХХ ғасырдың 90-жылдары ЮНЕСКО тарапынан Кеңес Одағының оңтүстіктегі республикаларында Батыс пен Шығысты жақындастыру мақсатын көздеген «Ұлы Жібек жолы – байланыс жолы» («Шелковый путь – путь диалога») атты бағдарламасы іске қосылды. Соған орай, Кеңес Үкіметінің басшылығы Жібек жолының бойында орналасқан әрбір республикаға аталған бағдарламаға қатысу туралы тапсырма берді.
Бағалы бағдарлама аясында Қазақстан бойынша бірнеше іс-шара жоспарланды. Соның бірі – ұлытаулықтар ұсынған жоба болатын. Оның мақсаты – түйемен Отырардан Ұлытауға этнографиялық экспедиция ұйымдастырып, соның аясында тек қана «Мыс жолын» насихаттаумен шектеліп қалмай, бар ғаламға Ұлытаудың қазақтың ежелгі астанасы ретіндегі мәртебесін таныту еді.
Осы бағдарлама іске қосылғанын естіп-білген ұлытаулық Бақтияр Қожахметов Алматы қаласында «Жібек жолы» қорының төрағасы Мұрат Әуезовпен мақсатты негізде кездесіп, ЮНЕСКО бағдарламасына тың бастамамен үлес қосу туралы өзінің ойын білдіреді. Мұрат Мұхтарұлы бұл жобаға толық қолдау білдіріп, сол кездегі Жезқазған облысының басшыларына арнайы хат жолдайды. Сәтін салып, облыс басшылығы Бақтияр Сапарбекұлының бастамасын жүзеге асыруға келісім береді.
Экспедиция басталмас бұрын арнайы дайындық жұмыстары мұқият жүргізілді. Түйені тізгіндеу, қажетті жабдықтарды түгендеу секілді шаруалар ауыл ақсақалдарының ақыл-кеңестеріне сүйене отырып, іске асырылды. Бұрынғы Жезді ауданының Қарақұм ауылынан 12 түйе көлікке артылып, Шымкент облысы, Шәуілдер ауданының орталығына жеткізілді. ЮНЕСКО өкілдері экспедицияны ұзақ жолға шығарып салу салтанатына арнайы келіп,- керуен бағдарлама басшысы Иран ғалымы, белгілі археолог Ахмат Хасан Данидың батасымен Ұлытауға бет алды.
Жезқазғандық экспедиция мүшелері 12 түйемен 40 күн ішінде Отырар – Түркістан – Сауран – Сығанақ – Қаратау – Бетпақдала – Сарысу – Ұлытау бағыты бойынша 1300 шақырым жолды жүріп өтті. Тарихи сапарды тыңғылықты тиянақтаған жиһанкез топты ұлытаулықтар лайықты сән-салтанатымен қарсы алып, Ұлытаудың бөктерін той-думан ордасына айналдырды. Экспедиция нәтижесімен кейінгі жылдары Қазақстанның Алматы, Түркістан, Павлодар, Қарағанды, Балқаш, Лисаковск қалаларында, Ресей астанасы Мәскеуде, Венгрияның Дебрецен және Карцаг қалаларында фотокөрмелер өтті.
Экспедиция материалдары негізінде «Қазақстан-1» телеарнасында 13 сериялы деректі фильм көрсетілді, бірнеше телехабарлар жарық көрді. Жергілікті, облыстық, республикалық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген ақпараттар мен мақалалар жарияланды.
«Отырар-Ұлытау» экспедициясынан кейін ұлытаулықтар жаңа жобаны жоспарлауға кірісті. Оның мақсаты – Алтай өңірінен Венгрияға дейінгі аралықтағы Ұлы Еуразия даласын түйемен жүріп өтіп, көшпелілер мәдениетінің адамзат өркениетіне қосқан үлесін насихаттау еді. Мақсат орнықты жүзеге асырылды. 1999 жылы «Алтай-Дунай» халықаралық экспедициясы Ресейдің Алтай өлкесінен қозғалып, «дала кемесі» – түйелерді тізгіндеген керуен Қазақстан, Ресей, Украина жерлері арқылы 2001 жылы Мажарстанға (Венгрия) жетті.
Бүгінгі күні де Ұлытау өңірі тоғыз жолдың торабына айналғалы тұр. «Жезқазған-Бейнеу», «Арқалық-Шұбаркөл» теміржолдары Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті байланыстырып, еліміздің, өлкеміздің, сонымен қоса, адамзат өркениетінің одан әрі дамуына септігін тигізе берері күмәнсіз.
Ақбота БОЛАТОВА,
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі қызметкері.

Обсудить

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Награды и партнеры