Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласының 20 жылдығын атап өтуіне орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің тапсырысы бойынша «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы Қазақстандағы маңызды табиғи нысандарды аралауға арналған ең ауқымды «Ұлы Дала Еліне саяхат»экспедициясын өткізді.
Экспедиция 6 туристік кластерді қамти отырып, 6 туристік бағыт бойынша және 2018 жылғы 18 шілде - 29 қыркүйек аралығында маңызды табиғи нысандарды аралауға арналып өткізілді. 3 айда экспедиция мүшелері 17 000 шақырымнан астам жол жүріп, Қазақстанның 11 облысына, ондаған табиғи орынға, саябақтар мен қорықтарға барып қайтты. Команда құрамы саяхатшылар, тележурналистер, туроператорлар, фотографтар, шетелдік және қазақстандық тревел-блогерлерден тұрды. Экспедицияның Қазақстанның оңтүстігіне арналған соңғы кезеңіне қорық-мұражай қызметкері Дмитрий Ругис қатысты. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің сапалы фото және видео-банкін жасау үшін туристік нысандардың фото және бейнетүсірілімі жасалынды. Бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға материалдар дайындалды. Экспедиция мүшелері – Қазақстан ұлттық географиялық қоғамымен және «National Geographic Ресей» журналының редакциясымен байланыс орнатты және одан әрі ынтымақтастық туралы келісім жасады. Экспедицияның мақсаты – жаңа туристік маршруттарды дайындау, ішкі туризмді және инфрақұрылымды дамыту үшін, сондай-ақ туған елімізді зерделеу үшін табиғи, тарихи, киелі объектілерді зерттеу.