«Ұлытау» ұлттық қорық- мұражайының директоры Бақтияр Қожахметов 13-14 наурыз күндері Маңғыстау облысындағы «Отпан» тарихи-мәдени кешенінде республикалық деңгейде тойланған дәстүрлі «Амал - 2018» мерекесіне қатысып қайтты. Шараны Маңғыстау облысы әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Адай сегіз арыс және Құнанорыс ата ұрпақтары сонымен қатар, Әлім ата ұрпақтары ұйымдастырды. Арнайы ұйымдастырылған дөңгелек үстелде баяндамашылар Амал мерекесінің Нұх пайғамбар заманынан бастау алып, алғашқы көшпелілер кезінде кең тарап, бүгінгі күнге дейін Маңғыстау өңірінде сақталып қалғанын айтты. Сонымен қатар, ғалымдар осы мерекенің Абай, Шәкәрім және Машһұр Жүсіп еңбектерінде де жазылғанын тілге тиек етті. Қазақстанның түпкір-түпкірінен, Ресейдің Қорған, Орынбор, Саратов, Башқұртстан және Өзбекстаннан келген қонақтар обылыс әкімі Ералы Тоғжановпен Бірлік отын жандырды. Бұндағы мақсат: отты кие тұту. Яғни оттың жарығы бүкіл қазақ еліне Амал мерекесінің жарығын жеткізсін деген тілек еді.